Баланың жатырқауы: Не істеуге болады?
Нәрестенің немесе сабидің жатырқауы деген не? Бөтен адамдардан қорқу, немесе ағылшынша stranger anxiety, баланың дамуында жиі кездесетін қалыпты құбылыс болып табылады. Бұл кезде бала таныс және бөтен адаммен кездескенде алаңдаушылық пен қорқыныш сезінуі мүмкін. Бала жаңа адамдарды танып, олардың жанында өз қауіпсіздігін сезінуі үшін уақыт қажет. Осы мақалада біз бөтен адамдардан қорқудың не екендігін және бұл құбылыстың қалай пайда болатынын қарастырамыз.
Жатырқау қандай жаста басталады?
Бөтен адамдардан қорқу әдетте 6-9 айлық жаста байқалады. Осы кезеңде бала таныс және бөтен адамдарды ажырата бастайды. Бұл процесс олардың когнитивті және эмоционалдық дамуының бір бөлігі болып табылады. Уақыт өте келе бала жатырқауын қояды: жаңа адамдармен жақындау барысында оларға біртіндеп үйреніп кететін болады.
Жатырқаудың белгілері мен симптомдары
Бала бөтен адамдардан қорқуын келесі белгілермен көрсетеді:
- Жылау және алаңдаушылық: Бала бөтен адамды көргенде кенеттен жылай бастайды немесе алаңдаушылық білдіреді.
- Ата-аналарға жабысып қалу: Бала ата-анасының артына жасырынып немесе оларға бөтен адам жақындағанда ата-анасына тартылып, қолын немесе мойнын қатты ұстап, қашақтап, қатты жабысуы мүмкін.
- Көз контактынан бас тарту: Бала бөтен адамдармен көз байланысынан қашып, басымен бұрылуға тырысады.
Бұл белгілер бізге баланың қорқыныш сезімін көрсетеді және осы жағдай қалыпты болып табылады.
Жатырқау, бұл – ауру ма? Қандай қауіптері бар? Қандай зерттеулер жасалынған?
Сәбидің жатырқауы ауру емес, бұл баланың даму кезеңдерінің бірі болып табылады. Бұл құбылыс баланың әлеуметтік дағдыларының дамуымен тікелей байланысты. Яғни, бала қоршаған ортасындағы адамдарды зерттеп, ажыратып, кімнің кім екенін түсіне бастады деген сөз. Мұндай мінез-құлық табиғи және уақытша болып табылады.
Stranger Anxiety, яғни, баланың жатырқау құбылысы ағылшын психиатры және психоаналитигі Джон Боулби мен американо-канадтық психолог Мэри Эйнсворттың жұмыстарында егжей-тегжейлі зерттеліп, көрсетілген.
Ал, егер аталған қорқыныш шамадан тыс болып немесе ұзаққа созылып кететін болса, бұл басқа проблемаларға сілтеме болуы мүмкін.
Балаға жатырқау кезінде қалай көмектесуге болады?
Балаға бөтен адамдардан қорқуды жеңуге көмектесу үшін мынадай кеңестерді қолдануға болады:
- Біртіндеп таныстыру әдісін қолданыңыз: Жаңа адамның балаға бірден жақындамай, одан алысырақ тұрып, балаға жәймендеп, ақырын қадамдармен жақындауын сұраңыз. Физикалық контакт жәймендеп орнығуы тиіс. Бала үшін бұл маңызды. Бөтен адамдармен бірден қарым-қатынас жасауға мәжбүрлемеңіз.
- Тыныш атмосфера жасау: Бала өзін жайлы сезінуі үшін тыныш және емін-еркін орта жасаңыз. Мысалы, танысу барысында баланың жанында міндетті түрде анасы немесе әкесі болуы тиіс. Жаңа адамның қасында анасы не әкесі көзіне көрініп тұруы тиіс.
- «Ритуалдарды» пайдалану: Баланың қауіпсіздік сезімін нығайту үшін баланың өзіне таныс ойыншықтарын қолдану. Яғни, бала үшін жаңа адамның оның үйреншікті ойыншықтарын қолдануы арқылы баламен байланыс орнатуы жеңілірек болуы мүмкін.
Егер жатырқау жақын туыстар немесе достарға болса не істеу керек?
Егер баланың жатырқауы жақын туыстарға немесе достарға болса, мыналарды орындаңыз:
- Тұрақты кездесулер: Жақын адамдармен тұрақты байланыс орнату баланың оларға үйренуіне көмектеседі.
- Позитивті ассоциациялар: Жақын адамдармен ойындар мен көңілді іс-щаралар, активитер ұйымдастыру арқылы позитивті ассоциациялар жасаңыз.
- Ата-ананың міндетті түрде қатысуы: Жаңа адамдарға баланың үйренуіне уақыт беріңіз және өзіңіз де баламен сол сәтте бірге болыңыз. Бала ата-анасының жаңа адамға деген сенімін көріп, сезінуі тиіс. Бала бәрін сезеді. «Баланың көзіне мен барда көрінбе, үйренісуі үшін бізге әкеліп таста, өзің кетіп қал» – деп айтатын кейбір адамдардың практикасы мүлдем дұрыс емес болып табылады. Бұл тек стрессті арттыруы мүмкін.
Егер бұл ерте жаста (яғни, 3-4 айда) байқалса, не мағына береді?
Егер жатырқау 3-4 айлық жаста байқалса, бұл баладағы әлеуметтік сезімталдықтың ерте дамуын көрсетуі мүмкін. Әр бала жеке (индивидуалды түрде) дамиды. Баланың жалпы дамуын бақылап, сабырлы болу маңызды. Егер қорқыныш шамадан тыс немесе басқа да симптомдармен бірге байқалса, педиатр немесе балалар психологына жүгіну ұсынылады.
Бала жатырқаған кезінде нені жасауға болмайды?
Жатырқау кезінде баланың эмоционалдық жағдайын дұрыс басқару маңызды. Осы кезеңде қандай қателіктерді болдырмау керектігі туралы бірнеше кеңес:
- Балаға қысым жасау: Балаға бөтен адамдармен бірден қарым-қатынас жасауға мәжбүрлемеңіз. Бұл тек жағдайды нашарлатуы мүмкін. Баланың өз қарқынынан шығу маңызды.
- Жаңа адамдарды күштеп таныстыру: Балаға жаңа адамдарды күшпен таныстыру, әсіресе ол қорқып тұрса, стрессті арттыруы мүмкін. Біртіндеп таныстыру тәсілдерін қолдану маңызды.
- Тосын жағдайлардан сақтау: Бала үшін күтпеген жағдайлар немесе тіптен жаңа орындарда болу оның жатырқауын күшейтуі мүмкін. Комфортты жағдайлар мен тыныш ортада таныстыруды қамтамасыз етіңіз.
- Жеке қауіпсіздік сезімін елемеу: Бала қорқыныш сезінгенде, оны елемеу немесе «қорықпа» деп айту жеткіліксіз болады. Оның сезімдерін түсініп, қолдау көрсету маңызды.
- Қарым-қатынасқа қатыспау: Бала жаңа адаммен танысқанда, ата-ананың немесе таныс адамның танысу процессіне қатыспауы балаға қосымша қауіп сезімін береді. Ата-ананың немесе жақын адамның қатысуы ауадай маңызды.
- Ашулану немесе қатаң болу: Бала қорыққан кезде оған ашуланбай, сабырлы болу керек. Қатал сөздер мен әрекеттер балада қосымша стресс тудыруы мүмкін.
- Ерте жаста таныстыруға асығу: Егер қорқыныш 3-4 айлық жаста байқалса, балаға уақыт беріңіз, таныстыруға асықпаңыз.
- Жауапсыздықпен қарау: Егер баланың қорқыныштары ұзақ уақытқа созылса немесе басқа симптомдармен бірге болса, бұл мәселені көтеріп, кәсіби маманмен кеңесу маңызды.
Бұл кеңестер баланың эмоционалдық жағдайын жақсы басқаруға және жатырқау кезеңін жеңілдетуге көмектеседі.
Жатырқау — баланың дамуының табиғи бөлігі болып табылады, бірақ бұл кезеңді дұрыс басқару ата-аналар үшін маңызды. Әр бала индивидуалды, әрқайсысының өзіндік дамуының уақыты мен жолдары бар. Қорқыныш сезімін түсініп, сабырлы және қолдау көрсететін орта жасау арқылы сіз баланың жаңа адамдармен танысуын жеңілдетіп, оның эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ете аласыз. Егер қажет болса, кәсіби маманның көмегіне жүгіну де маңызды. Сіздің сүйіспеншілігіңіз бен түсінігіңіз балаңызға қауіпсіз және сенімді сезімдер береді, бұл оның әлеуметтік дамуы үшін маңызды қадам болып табылады.